Ағымдағы жылдың 7 қазанында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің "Майлан" оқу-жаттығу полигонында Қызметтің қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің арасында "Қара берет" иегері атану үшін арнайы сынақтардан тұратын тестілеу өтті. 

«Қара берет» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің айырым белгісі болып табылады. Алғаш рет бұл белгі Қызметте 2007 жылы енгізілді.

«Қара берет» тек айырым белгісі ғана емес, ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің абырой-беделі болып табылады, ол – ерліктің, батылдық пен намыс-жігердің, сондай-ақ дене шынықтыру, әскери, мамандандырылған және кәсіби дайындықтың нышанын білдіреді.

Тестілеудің негізгі мақсаты - ҚР МКҚ қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің арасынан күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында туындауы ықтимал оқыс жағдайларда қажетті іс-әрекет жасаудағы жеке дайындығын бағалап, үздіктерді анықтау. Сондай-ақ, бұл сынақтар қызметкерлер мен әскери қызметшілерге кәсіби тұрғыдан серпіліс беріп, олардың бойындағы патриоттық сезімді арттырып, рухтандыруды көздейді.

Қара беретті киіп жүру құқығына ие болған қызметкерлер мен әскери қызметшілер жоғары тұрған лауазымға тағайындау және арнаулы атақты мерзімінен бұрын беру кезінде артықшылықтарға ие болады, сондай-ақ оларға Қызметтің нормативтік және құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен сыныптық біліктілік беріледі.

Сынақ тапсырмалары барлық қызметкерлер мен әскери қызметкерлер үшін теңдей беріледі. Биыл сынаққа қатысуға Қызметтің әр құрылымдық бөлімшелерінен 39 қызметкер мен әскери қызметшілер ниет білдірді.

Тестілеу бірнеше сатыдан тұрады. Үміткерлер атыс даярлығынан, жалпы дене шынықтыру дайындығынан, соның ішінде белгілі бір қашықтыққа жүгіруден (3 км), кешенді күштік жаттығулардан, жүзуден, және теориялық даярлықтан сынақтар тапсырады. Айта кетерлігі жылдан жылға сынақтың тапсырмалары күрделеніп келеді.  Мәселен, бірінші кезеңнің бағасы "жақсы" деген бағалаудан "өте жақсы" деген деңгейге көтерілді. Сонымен қатар, үміткерлер екінші кезеңнің мәре сызығына берілген 2 сағат 20 минуттың ішінде кедергі жолақтардан тұратын, соның ішінде су тосқауылына, газқағармен шартты түрдегі уланған аймақтан өту, өзеннің үстімен, кедергі жолақтардан жүріп өту, арқанмен тауға өрмелеу және шартты түрде жарақаттанған адамға алғашқы медициналық көмек көрсету, атыс алаңынан жер бауырлап жылжып, жылдамдықпен автомат және пистолетпен ату сынды толықтырылған тапсырмаларды жедел маршпен (марш-бросок) өтулері тиіс. Бұл кезең қорғаныс керек-жабдықтарын қолдана отырып жекпе-жек сайысымен қорытындыланады. Сайысқа демалмай, арнайы нысанды киіммен, әртүрлі қарсыластармен үш рет оқу жекпе-жегіне шығады.

Барлық кезең барысында үміткерлерге Қара беретке ие арнаулы нұсқаушылар қолдау көрсетеді. Олар үміткерлердің белгіленген нормативтерді орындауын қадағалайды.

 Қара беретті киіп жүру құқығына ие болған Қызметтің қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне өздерінің кәсіби, жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығын үнемі жетілдіріп отыру, Беретті киіп жүру құқығына үміткерлерді сынақтан өткізуге ұдайы қатысу, жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерге ие болу, Қызмет бөлімшелерінің жарағында тұрған атыс қаруының барлық түрлерінің материалдық бөлігін білу және меңгеру, сондай-ақ жекпе-жек сайыс тәсілдерін қолдана білу, Қызмет қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне жауынгерлік және арнаулы даярлық бағдарламасын меңгеруге, Қызметтің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қызметтік тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне көмек көрсету міндеті жүктеледі. 

Қара берет ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде қызмет өткеретін, оны киіп жүру құқығына арналған сынақтардан табысты өткен қызметкерлер мен әскери қызметшілерге беріледі және оларға Қызмет Бастығының бұйрығының негізінде ресімделетін куәлік табысталатын болады.   

Қызметкерлер мен әскери қызметшілердің беретті киіп жүру құқығы олардың барлық қызмет кезеңінде сақталады, сондай-ақ запасқа немесе отставкаға шығарылған қызметкерлер мен әскери қызметшілердің бұл құқығы сақталатын болады.

Тестілеудің 1 кезеңінің қорытындысы бойынша сынақтың келесі деңгейіне 12 қызметкер мен әскери қызметші өтті. Екінші кезеңнің сынақтарынан 6 қызметкер мен 1 әскери қызметші сүрінбей өтті. Қызмет басшылығы сапқа түзілген жеке құраммен шақырылған өзге де күштік құрылым өкілдірінің қатысуымен өткен салтанатты рәсімде ең үздік қызметкерлерге Қызметтің символы болып табылатын "Қара беретті" табыстады.