28 мен 29 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Президенті күніне орай «Дәулет» спорт кешенінде ерлер арасында жекпе-жек сайысынан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Бас қолбасшысының кубогына IІІ-ші ашық республикалық турнирі өтті.

Жарысқа республиканың әр өңірінен және қуатты құрылымдардан  жасақталған 55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90 және 90 келіден жоғары 9 түрлі салмақ дәрежесінде 28 команда сынға түсіп, мықтыларды анықтады.

Аталған дүбірлі доданы ұйымдастыруға жекпе-жек сайысынан Бүкілқазақстандық қауымдастық пен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитеті ұйытқы болды. Турнирдің бас демеушісі - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры».

Спорттық іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Ассоциация Президенті, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы генерал-лейтенант Күреңбеков Амантай Жанкеұлы аталған турнир отандық спортшылардың және еліміздің қуатты құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталғандығын айтты.

Сондай-ақ, салауатты өмір салтын және жастар арасында жекпе-жек сайысын насихаттау мақтасында турнир ұйымдастырушылары «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорымен бірлесе отырып, «Замандас» отбасылық аула клубтарының тәрбиеленушілерін дүбірлі доданың көрермені болуға әрі спортшылармен жүздесіп, пікір алмасуға шақырды.

Сондай-ақ, спорт сүйер қауым үшін турнир барысында бағалы сыйлықтар мен лотерея ойнатылды. Бұдан бөлек, көрермен назарына ҚР МКҚ Президенттік оркестрінің концерттік бағдарламасы және ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің жекпе-жек сайысынан қойылымдық көрсетілімдер ұсынылады.  

Екі күн бойы спорт кешініндегі тартысты сайыстың куәгері болған көрермендер жеңімпаздардың есімін білуге де асықты.

Сонымен сайыстың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің құрама командасы бірінші орынды қанжығасына байлап, Жоғарғы Бас қолбасшысы Кубогының иегері атанды. ҚР Ішкі істер министрлігі де өз шеберліктерін жоғары дәрежеде көрсетіп, төрешілердің шешімімен екінші орынға лайық деп танылды.  ҚР ІІМ Ұлттық ұланы да үздіктердің қатарынан табылып, үшінші орынды иеленді.

Облыстық командалар бойынша ең үздік команда ретінде Алматы қаласының құрама командасы табылса, Оңтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарынан келген спортшылар екінші мен үшінші орыннан табылды.

Жеке есепте спортшылардың шеберлігі төмендегідей бағаланды. 55 және 60 келіге дейінгі салмақта ІІМ қызметкерілері Сағын Қазбек пен Мұқашев Ұлан, 65 кг дейін ҚР МКҚ Объектілерді қорғау қызметінің  әскери қызметшісі Жүсіп Сәбит жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, 70 кг дейінгі салмақта Забиев Назарбек ҰҚК қызметкері үздік деп танылса,  75 келіге дейінгі салмақта ІІМ қызметкері Төлепбаев Айдын және 80 кг салмақ дәрежесі бойынша ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері Мұхамбаев Руслан чемпион атанды. Ауыр салмақ дәрежелері (85, 90 және 90 аса) бойынша үздіктердің қатарынан ІІМ қызметкері Төлеубаев Құдайбрген, МКҚ қызметкерлері Абдрахманов Айдын мен Үстембаев Данияр жеңімпаздар қатарынан табылды.