2019 жылғы 15 ақпанда кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толды. Осы айтулы күнге орай Астана және Алматы қалаларында Ауғанстан аумағынан кеңес әскерлерінің шығарылуының 30 жылдығына арналған еске алу іс-шаралары өтті. ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Ардагерлер одағы мен ҚР МКҚ бірлесіп ұйымдастырған салтанатты жиынға ауған жеріндегі ұрыс қимылдарына қатысқан ауған соғысының ардагерлері мен Қызметте әлі де қызмет өткеріп жүрген қызметкерлер шақырылды. Жиналған қауым ауыр аманат арқалап, жат жердегі шайқаста қаза тапқан ерлердің есімдерін ұлықтап, рухына тағзым етті. Сондай-ақ, іс-шара барысында ауған ардагерлерін ҚР Қорғаныс министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан ардагерлері» Ауғанстандағы соғыс ардагерлері қоғамы ұсынған «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгілерімен марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға ҚР МКҚ жеке құрамы, Ардагерлер одағы Кеңесінің мүшелері және «Жал қалқан» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.

Мерекелік медальдарымен марапаттау шарасын Алматы қаласында – ҚР МКҚ Ардагерлер одағының атқарушы директоры запастағы полковник Тоқтамов Р.Р. өткізсе, Астана қаласында – Қызмет Бастығының орынбасары – Объектілерді қорғау қызметінің бастығы генерал-лейтенант Аюбаев М.А. табыс етті. Марапаттау рәсімінен соң, «Борис Керімбаев. Паншер патшасы» деректі фильмі көрсетіліп, салтанатты шара ҚР МКҚ Объектілерді қорғау қызметінің «Айбын» және «Батыр» президенттік полктарының әскери қызметшілері әзірлеген музыкалық концертімен аяқталды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ұжымы ауған жауынгерлерінің ҚР МКҚ «Алтын запасының» қатарында ұзақ жылдар қалуды, зор денсаулық, отбасыларына береке-бірлік, толағай табыстар тіледі.