Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің  
құрмет қарауыл ротасының және
Президенттік үрмелі оркестрінің плац-концерті

    30 тамыз күні Астана қаласы әкімдігінің алаңында (ескі алаң) қала тұрғындары мен қонақтары үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Конституция күнінің 20-жылдық мерейтойына және Қазақ хандығының құрылғандығына 550-жыл толуына орай ұйымдастырылған құрмет қарауыл ротасының және Президенттік үрмелі оркестрінің плац-концерті өтті.
    Үрмелі оркестрдің орындауында көрермен назарына А. Бестыбаевтың (Әділ Бестыбаев - қазақ композиторы, әлемнің үрмелі әуеннің ең үздік репертуарлық ондығына кіреді. Шығармашылығы симфониялық, үрмелі, камералық-аспаптық, театр және кино музыкасына бағытталған.) «BeST» концерттік монограммасы мен Е.Рахмадиевтың «Дайрабай» шығармалары, сонымен қатар 80-жылдардағы көпшіліктің сүйікті әндеріне айналған шығармалары ұсыналды. Көрермен қауым сондай-ақ, құрмет қарауыл ротасының дайындаған арнайы саптық жүру мен қару қолданудағы түрлі амалдардан тұратын жаңа бағдарламасын тамашалады. Бұл бағдарламамен әскери қызметшілер қыркүйек айында Мәскеу қаласында Қызыл алаңда өтетін жыл сайынғы халықаралық әскери-музыкалық «Спасская башня» фестивалінде өнер көрсетпек. Фестивальдің биылғы жылғы тақырыбы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70-жылдығына арналады.
    Дәстүрге айналған әскери дефиле республикамыздың ең элиталық әскери құрылымы Мемлекеттік күзет қызметінің өзіндік ерекшелігі болып табылады. Дәстүрлі салттарды дәріптей  плац-концертті ұйымдастырушылар ҚР МКҚ әскери қызметшілерінің бойындағы әскери рухты күшейтіп, патриоттық сезімді арттыруды көздейді.