«Өткен Ұлы жылдарға тағзым»

атты концерт

     2015 жылғы 15 мамырда "Халық қаһарманы", армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» Республикалық мектебінде нағыз жанды әуен мерекесі өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің үрмелі аспаптар оркестрі мен солистерінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Өткен Ұлы жылдарға тағзым» атты кезекті мерекелік концерті өтті.
      Концерт шымылдығын Президенттік оркестрдің ән және эстрада ансамблінің бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев туған жерге, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен махаббатты бейнелейтін, көпшіліктің сүйікті әніне айналған А.Есмұхановтың «Отаным»  деген әнімен ашты.
      Ұлы Отан соғысындағы сарбаздардың жанкешті қайсарлықтары мен ерліктеріне тағзым ретінде «Поклонимся великим тем годам» әнін Президенттік оркестрдің жас солисі Әлібек Ізбасаров шырқады.
 Ұлы ерліктерге, Жеңіс туының асқақтауын көрмей кеткен батырлардың жан азабына бағышталған концерттік бағдарлама көптеген ұрпақтың сүйікті әндеріне арналған әдемі де әуенді шығармаларымен жалғасты.
     И.Дунаевскийдің «Ехал я из Берлина» әнін республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Нұрболат Құсайынов асқан шеберлікпен орындаса, осы үрдісті Е.Ынтықбаевтың «Қазақ елі» әнімен халықаралық байқаулардың лауреаты Әсел Мадекешева жалғастырды.
     М.Блантердің «Катюша» (инструментовкасын жасаған М.Хавнин), «Офицеры» кинофильмінен «От героев былых времен», А.Есмұхановтың «Жеңіс жыры» шығармасы (инструменовкасын жасаған Т.Бердіғұлов), С. Чернецкийдің «Будапешт» соғыс жылдарындағы әндер мен маршттар көрерменнің көңілінен шығып, жоғары бағаға ие болды. Роберт Рождественскийдің сөзіне, Д.Тухмановтің әніне жазылған «Родина моя» туындының жанды дауыспен орындалуы концерттік бағдарламаның керемет әсерге бөлеген шарықтау шегі болды. Сезімге толы осы әнді "Жас ұлан" мектебінің тәрбиеленушілері залда отырып, ерекше толқыныспен, қосылып айтты.
     Мерекелік концертті Жеңіс Күнінің нағыз әнұранына айналған Д.Тухмановтың «День Победы» атты шығармасы қорытындылады. Әннің шырқалуы музыканттар мен көрермендерді ерекше әсерге бөлегендігін аңғару қиынға соқтырмады. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен мектеп тәрбиенелушілерінен жиналған көрермен қауым жанды дауыспен өнер көрсеткен музыканттардың өнеріне ду қол шапалақпен жоғары баға беріп, кештен алған әсерлері үшін алғыстарын білдіріп жатты.