image002.jpg«2050» Стратегиясында еліміздің құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштерін жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылды. Жаңашылдық, жылдамдық, алдыңғы қатарлы қару-жарақпен және техникалармен жабдықталу, сондай-ақ, жоғары әскери дайындықты қамтамасыз ету – кәсібиліктің және ел қауіпсіздігінің кепілі.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі осындай уақтылы әрі болашақты көздей отырып қабылданған шешімдердің бірі – Мемлекет басшысының 2014 жылғы 21 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы Жарлығы болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ол тұңғыш рет Президенттің күзет қызметі мен Республикалық ұланның бірігуі негізінде құрылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін және объектілердің қорғанысын қамтамасыз етудегі арнаулы  жауынгерлік орган ретінде көрсетілген бағдарлама аясында қойылған міндеттерді іске асыруға және даму бағытында тың серпін алды.

Қызметтің іргетасы 1992 жылы қаланды, Елбасының өнімімен Президенттің күзет қызметі құрылып, оның алғашқы басшысы ретінде генерал-майор Сергей Синицин тағайындалды. Президент күзет қызметінің даму сатыларының әр кезеңінде өз іcінің шеберлері генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, генерал-лейтенант Болат Баекенов, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев және генерал-майор Әнуар Садықұлов басшылық жасады. Ал Республикалық ұланға әр жылдары генерал-майор Сейілбек Алтынбеков, генерал-майор Төлеген Үмбетбаев, әділет генерал-майоры Болат Ысқақов, генерал-лейтенант Болат Жанасаев, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев қолбасшылық етті.

Даму тарихының жылнамасын жасап, елдің жоғары басшылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өлшеусіз тәжірибе жинақтаған Қызметтің басты миссиясы – Елбасы қызметінің үздіксіз және қауіпсіз жүргізу жүйесін құру жолымен мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға қатысу. Бұл бұлжымайтын міндет болды.

Аз уақыт ішінде күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзіндік жүйесін жасақтаған беделді әскери құрылым болып есептелетін Қызмет, өзінің орны мен тиімділігін одан әрі арттыра түсті. Оған себеп – күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі күш-құралдардың бірігуі, яғни арнайы мақсаттағы ерекше әскери құрылым есебіндегі арнайы қызмет пен жауынгерлік күшке ие Республикалық ұлан қызметінің бір арнаға тоғысуы. Бұл өз кезегінде қуатты жауынгерлік қабілеті бар құрылымның дүниеге келуіне ықпал етті.

Бүгінге дейін қалыптасып,  даму  кезеңдерін өткеріп  жатқан  Мемлекеттік  күзет қызметі  нормативтік  базаны  жасақтау бойынша өз қызметін  жетілдіріп, «Мемлекеттік күзет қызметі туралы» Заң мен Ереженің қабылдануына қол жеткізді.       Осының арқасында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет  қызметі туралы» Заңындағы жаңалықтар Қызметтің арнаулы мемлекеттік орган ретіндегі мәртебесін  бекітіп, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұйымдастыру мәселесіндегі негізгі міндеттерді, сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлеріне берілетін құқықтарды айқындауға себепші болды.

2014 жылғы 1 желтоқсан –Қызмет үшін  мәртебелі әрі тарихи күн  ретінде есте  қалды. Осы күні  Елбасы Мемлекеттік күзет қызметінің  Туы мен «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктарының жауынгерлік жалауларын табыстады. Бұдан басқа, Қызметтің қалыптасу кезеңінің нәтижесі оның мәртебесінің анықталып, Президент пен өзге де күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін дербес орган ретінде мойындалуы болатын.

Мемлекеттік күзет қызметінің Туын Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан Мемлекеттік күзет қызметінің бірінші басшысы генерал-майор Амантай Күреңбеков қабылдап алды. Амантай Жанкеұлы 2014 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалған еді.

Мемлекеттік күзет  қызметінің дамуының таңдалып алынған бағыты бүгінде бұл қабылданған шешімнің дұрыс болғанын дәлелдеп берді. Күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүргізуге жұмылдырылған Қызмет сарбаздарының құқықтық қорғалуын жетілдірудің арқасында бұл бағыттағы ұйым қызметінің сапалы жүруіне кедергі келтіріп келген заңнамалық мәселелер өз шешімін тапты.

Осы жағдайлар негізгі қайта құру процесінің аяқталып, Мемлекеттік күзет қызметі басшылығының «2050» Стратегиясының» шеңберінде алға қойылған міндеттерді сәтті жүзеге асыру мақсатындағы басым бағыттарды айқындауына мүмкіндік беріп отыр.

Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптарды тиімді іске асыру үшін барлық жауынгерлік міндеттерді орындауға жағдай жасау бағытындағы ұйымдастыру және тәжірибелік іс-шаралар кешені жүзеге асырылды.

Қызмет барысында кездесетін айқын әрі болжалды қауіп-қатерлерді, күзет және объектілерді күзету бойынша жоғары талаптар ескеріле отырып, Республикалық ұланның базасында Президенттік полктің рөлі күшейтілді. Бұл, әлбетте, Мемлекеттік күзет қызметінің негізгі міндеттеріне орай жүзеге асырылды. Диверсиялық және террористік актілерге қарсы іс-қимыл, алдын ала тергеу қызметі, кинология, психологиялық қамтамасыз ету және өзге де бағыттағы бөліністер дамудың жаңа сатысына көтерілді. Осы қатарда медициналық қауіпсіздік, экологиялық, радиациялық-химиялық және биологиялық қорғау жүйесі де бар.

Бұдан бөлек, Қызмет басшылығы қайта қаруландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағдарламаларын жүзеге асыру ісіне ерекше назар аударып отыр. Жаңа киім үлгісі, қосымша мерзімдік киім түрлері енгізілді. Бұл өз кезегінде күзетілетін іс-шараларға қатысуды тиімді ұйымдастыруға бағытталған шаралар кешені. Оның үстіне жетекші әлемдік өндірушілерден жоғары санатты қару, техникалық және арнайы құралдар алынуда.

Жақында құрылған Жауынгерлік және арнайы даярлық департаментінде қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру шаралары тұрақты жүргізілуде. Сонымен бірге, қызметкерлер беделді шетелдік оқу орталықтарына арнаулы дайындықтарға жіберіліп отырады. Қызметтің Оқу орталығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің, өзге де әскери және әскери құралымдардың, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында даярлық және қайта дайындық жүргізіледі.

Мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздары тактикалық іс-қимылдарымен оқ атудың әдістемелік жаттығуларын Қызметтің жеке қарамағындағы «Майлан» полигонында шыңдай түседі.   Жауынгерлік даярлықтың ең маңызды бағыттарының бірі – қызметкерлер мен әскери қызметшілердің физикалық даярлығы. Қызметкер қай кезде де өзінің ерлігін, батырлығын, ерік-жігерін және антына деген адалдығын көрсете білуі керек. Осы идея басшылықтың бастамасымен дәстүрге айналған спорттық іс-шаралардың өтуіне негіз қалады. Қызмет командалары «Оққағар», Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің кубогына арналған жекпе-жек сайысы, бірінші басшылардың қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік басқару және қуатты құрылым командаларының арасындағы волейбол турнирлерінде, сондай-ақ, беделді халықаралық турнирлерде шыңдалған, жоғары нәтиже көрсете білген спортшылар шоғырын жасақтап, өздерінің ең мықты құрамалардың бірі екендерін бірнеше мәрте дәлелдеді. Қызмет құрамында 18 халықаралық дәрежедегі спорт шебері,  200-ден астам спорт шебері абыройлы қызмет етіп келеді.

Дайындықтың барлық кезеңінен сүрінбей өткен Мемлекеттік күзет қызметінің сарбазы үшін абыройлы жетістік – «Қара берет» иегері атану. Дәл осы құрметті атақ үшін әр қызметкер аянбай тер төгіп, біліктілігі мен жігерлілігін арттыруға барынша күш салып, талпынады.

Сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметінің кадр жұмысы күшейтілуде, бұл өз кезегінде жеке құрамды жоғары кәсіби мамандардан жасақтау, кадрлық саясатты ашық жүргізу қағидасын іске асыру, бастысы – қызметтік-жауынгерлік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатын көздейді. Кадрлық құрам жыл сайын беделді арнайы әскери оқу орындарының түлектерімен толығып отырады.

Қызметкерлердің әлеуметтік қамтамасыз етілуін дамыту шеңберінде Қызметте тұрғын үй мәселесін шешу, қызметкерлерді және олардың отбасына медициналық қызмет көрсету шаралары белсенді жүргізілуде. Бұл шаралардың барлығы өз медициналық мекемеміздің базасында жоғары деңгейде жолға қойылған, осы қатарда шипажайда ем алу қызметі де ұсынылады.

Кадрлық әлеуетті қалыптастырудағы басты қозғалтқыш әрі бағыттаушы темірқазық аға буын екені даусыз. Осыны ескере отырып «МКҚ Ардагерлер Одағы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Мемлекеттік күзет қызметі ардагерлерінің мол тәжірибесі мен еңбекке толы жолы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына қосылып, өз өмірін осы саламен байланыстырған қызметкерлерге ерекше үлгі болары сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қызмет ардагерлерінің  елеулі орны  жөнінде айтқан өз сөзінде: «Қызмет ардагерлерін  ерекше атап өткім келеді,  олардың арқасында сіздердің ведомстволарыңыздың маңызды кәсіби дәстүрлері сақталып, жас қызметкерлерге үлгі болады», деген болатын. «МКҚ Ардагерлер Одағы» қоғамдық бірлестігінің құрылуы жас қызметкерлердің адамгершілік-этикалық нормаларды сіңіріп, жауынгерлік жігермен тәрбиеленуіне өзінің ықпалын тигізеді.

Елбасының  қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің  басты бағыттарының бірі Мемлекеттік күзет қызметі атқаратын азаматтарды әскери мерзімді қызметке шақыру болып табылады. Шақыру комиссиялары МКҚ әскери бөлімдеріне қатаң талаптарға сәйкес іріктеу жүргізу бойынша маңызды қызмет атқарады. Әскери қызметке іріктеліп алынған шақырушылар арнайы жеке тексеруден өтеді. Олардың моральдық-іскерлік қасиеттеріне, шақыруға дейінгі әлеуметтік-тұрмыстық факторларына айрықша мән беріледі.

Қызметті мінсіз атқару үшін МКҚ-ның әрбір әскери қызметшісі Отанға деген адалдық, батылдық, оқыс жағдайларда өз бетімен шешім қабылдай білу, тәртіптілік пен қырағылық, физикалық шыдамдылық және моральдық тұрақтылық сияқты қасиеттерге ие болуы қажет. Мұндай қатаң талаптардың болуы Мемлекет басшысының Мемлекеттік күзет қызметі жұмыскерлері мен әскери қызметшілеріне деген сеніміне және жоғары жауапкершілікке байланысты.

Мемлекеттік күзет қызметі іс-әрекетінің жан-жақтылығы Президент оркестрі музыкалық ұжымының шығармашылық жұмысынан көрінеді. Олар әскери-патриоттық тәрбиелеуге, Отан қорғаушысының бейнесін қалыптастыруға белсенді қатысады. Еліміздің және шетелдердің басты алаңдарында ұйымдастырылатын Құрметті қарауыл ротасы және Президент оркестрінің дәстүрлі плац-концерттері соның дәлелі бола алады.

Мемлекеттік маңызы бар ресми шаралардан басқа, оркестрдің музыкалық ұжымы Қазақстанды халықаралық музыкалық ареналарда таныстыра отырып, мемлекеттің мәдени өмірінде белсенді қызмет атқарады.

2014  жылдың  қыркүйек  айында  Мәскеудегі  Қызыл алаңда өткен «Спасская башня» әскери-музыкалық фестивалінде қол жеткізген жетістік шебер орындаудың жоғары деңгейін білдіреді. Президент оркестрі мен Құрметті қарауыл ротасының Қызыл алаңға салтанатты шығуы «Абылай хан» атты арнайы туындымен сүйемелденді. Оркестр әртістеріне Ұлыбритания, Италия, АҚШ, Түркия, Австрия, Бельгия, Малайзия, Египет, Үндістан, Бахрейн және басқа да мемлекеттердің көрермендері қол соғып қошеметтеді. Президент оркестрі өзінің орындауларында әрқашан жоғары кәсіби шеберлік, музыкалық аспаптарда шебер ойнау қасиеттерін көрсетеді.

Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» Президенттік полктарының әскери қызметшілері Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін протоколдық  іс-шараларды, шетел басшыларымен кездесу және шығарып салу рәсімдерін және басқа да мемлекеттік маңызы бар іс-шараларды қамтамасыз ету сияқты бірнеше маңызды міндеттер атқарады.

Қорытындылай келе, Мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздары мен жауынгерлері біздің елімізге келген шетелдік мемлекет басшылары мен өзге де жоғары  лауазымды адамдарды күзету ісінде өз қызметтерін мінсіз атқарғаны үшін талай мәрте мақтауға ие болды және бұл дәстүр жалғасуда.

Оң бағытта дамудың қарқынды жолына түскен қызметтегі тиімді әдіс-тәсілдер қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің толық қалыптасып, арнаулы мемлекеттік орган ретінде аяғына тұрды деп сенімді айтуға мүмкіндік береді. Себебі, Мемлекеттік күзет қызметі әлемдегі алдыңғы қатарлы арнайы қызметтермен тең дәрежеде күзетілетін адамдар мен объектілердің қорғау қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы әртүрлі қиындықтағы іс-шараларды мүлтіксіз өткізіп келеді.

Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан».