Әскери қызмет атқару және Отан алдында конституциялық борышын өтеу үшін республиканың әр өңірлерінен іріктеліп алынған жастар Әскери ант қабылдайды. Осы акт ерекше әскери дәстүр болып табылады, ол әскери қызметшілерде патриотизм рухын, Отанға және Қазақстан Президентіне адалдық, сондай-ақ еліміздің ең элиталық күштік құрылым болып саналатын ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында әскери борышын абыроймен өтеу сезімдерін тәрбиелейді.

Бұл жауынгерлік дәстүр әскери қызметтің ең маңызды актілерінің бірі болып табылады.

Салтанатты ант қабылдау рәсіміне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы генерал-лейтенант Күреңбеков Амантай Жәнкеұлы және Алматы қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, қоғам қайраткерлері мен сарбаздардың туған-туыстары  қатысты.

«Биыл  бәрімізге қасиетті Отанымыз - тәуелсіз Қазақстан егемендігінің 25 жылдығын атап өтпек. Сондай-ақ 19 жыл бұрын Елордамыз Астананың іргетасы қаланды. Бүгінгі салтанатты түрде ант қабылдағандарыңыздың көпшілігі астана құрдастарысыздар» - деп, алғы сөзін бастаған ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы генерал-лейтенант А. Күреңбеков жас сарбаздар Елбасы мен өзге де күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және объектілердің қорғалуы бойынша жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаратындығына сенім білдірді. Ол үшін батылдық пен қырағылық, саптық тәртіп пен әскери антқа адалдық қажет екендігін ерекше атап өтті.

Әскери ант мемлекеттік құжат бола отырып, әскери қызметшілерден әскери қызметтің міндеттерін бұлжытпай орындауды, әскери істі адал оқып-үйренуді, сеніп тапсырылған қару мен әскери техниканы шебер қолдануды және күтіп ұстауды талап етеді.

Сарбаздар үшін әскери орта жаңашылдық емес, олар жас жауынгер курсынан өтіп, осындай жауапты қадамға алғашқы әзірлік негіздерімен келді.Бүгін олар қысқа мерзімде игерген қарумен және қарусыз саптық амалдардың элементтерін  көрсетіп, салтанатты шерумен өтеді.

Ант қабылдағаннан кейін сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне (Алматы қ. және Астана қ.) таратылады, онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ерекше тапсырмаларды, дәстүрлі рәсімдерді орындайды, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның эталондарын күзетеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде тек үздік әскери қызметшілер ғана қызмет атқарады, сондықтан бұл әскери құрылымға сарбаздарды іріктеу ісіне басымдылық беріліп, таңдау мұқият әрі қатаң жүзеге асырылады. Қорғаныс істері бойынша департаменттерге барған офицерлер үміткерлермен сұхбаттасу жүргізеді. Шақырылушы бойынша барлық мәліметтер анықталады: оқу және жұмыс орындарынан мінездемелер, әскерге шақырылушының қарым-қатынаста болған ортасы, қызығушылығы мен бейімділігі, медициналық деректері, сонымен бірге бойы 180 см кем болмауы тиіс.

Отанға деген адалдық, батылдық, қысылтаяң жағдайда өз бетімен жалғыз әрі дұрыс шешім қабылдай білу, тәртіптілік және қырағылық қасиеттері айқын көрініс тапқан талапкерлерге басымдылық беріледі. Бұл жерде моральдық тұрғыда берік, физикалық шыдамды, әскери қызметке психологиялық жағынан тұрақты бозбалалар қызмет атқарады.

«Отан алдындағы борышын өтеу әрбір азаматтың асыл парызы, борышы деп білемін. Ал еліміздің элиталық әскери құрылымы Мемлекеттік күзет қызметінің «Батыр» және «Айбын» Президенттік полкінде борышты өтеу ол мен үшін және менімен саптағы қатарлас сарбаздар үшін үлкен мақтаныш, мәртебе деп білемін. Себебі, бұл әскери құрылымдарда сарбаздарға бар жағдай жасалған, оның ішінде сапалы тамақтану, киім-кишек деген қажеттіліктермен қамтамасыз етумен қатар, спорттық жаттығулар мен танымдық-мәдени іс-шаралар арқылы өзіңді жан-жақты дамытып, жаңа қырларыңды аша түсесің. Болашақта ендігі өмірлік жолымды осы әскери қызметпен байланыстырсам деген ойым бар» - дейді, Жамбыл облысынан шақырылған жас сарбаз Нағашыбаев Сали.

Әскери қызмет үшін еліміздің әр өңірінен іріктеліп алынған жас сарбаздар арнайы тексеруден өтеді. Үміткердің моральдық-іскерлік және физикалық қасиеттеріне ерекше назар аударылады. Осындай қатаң талаптар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі атқаратын міндеттердің маңыздылығымен байланысты.

Жиналған қауым назарына Президенттік оркестр мен құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері өздерінің дайындаған жаңа плац-концертінің бағдарламасын ұсынды. Айта кететін жайт, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері Мәскеу қаласында өтетін «Спасск мұнарасы» атты Халықаралық әскери-музыкалық фестивалінің тұрақты қатысушылары.