Жауынгерлік дайындықтың мінсіздігі ең алдымен жауынгерлердің Отанды қорғаудағы ынта-жігерінен, біліктілігінен, темірдей тәртіптен бастау алады. Әскери қызметшілердің бойында осындай игі қасиеттерді тәрбиелеп, осы ой-ұғымды жетілдіруде қалыптасқан әскери дәстүрлердің маңызы зор. Әскери қызмет тек әскери жарғыда бекітілген заң нормаларымен, бөлім командирлерінің бұйрықтармен ғана шектеліп қоймай, сондай-ақ патриотизмді насихаттайтын дәстүрлерден құралатындығы сөзсіз. Әскери дәстүр ұғымының астарында «Отан», «абырой», «әскери міндет» сынды мағыналы үш сөздің жатқандығы белгілі.

Осы үш қасиетті ұғымның тұғырын биіктету мақсатында "Айбын" Президенттік полкіндендегі тұрақты түрде патриоттық бағытта өткізілетін іс-шаралар әскери дәстүрлердің өміршеңдігін айқын дәлелі. Олардың бірі жыл сайынғы Астана қаласының мектеп оқушыларына, «SOS Киндердорф – Астана» балалар қалашығының жеткіншектеріне және С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» Республикалық мектебінің тәрбиеленушілеріне арналған «ашық есік күндері». Биыл аталған іс-шараға 400-ге жуық «Жас ұлан» мектебінің тәрбиленушілері қатысты.

«Айбын» Президенттік полкінің бұл күнгі қонақтары әскери бөлімшенің құнды жәдігерлерге бай мұражайын, әскери қазармалардың жағдайымен және әскери қарулардың сипаттамасымен танысып, әскери қондырғыларды тамашалап қайтты. Балалар үшін ең қызықты сәт әрине, қолдарына қару ұстаған әскери қызметкер ретінде дәлдеуші, әскери техниканы тізгіндеген жүргізуші образына ену болды. Осындай көріністерден қуат алған балалардың қиялын сайдың тасындай тізілген Құрмет қарауыл ротасының сарбаздары Президенттік оркестрдің қолдауымен дайындаған плац-концерті шабытттандыра түскендей болды. Тамаша мерекелік шараны Мемлекеттік күзет қызметі туралы баяндайтын ақпараттық бейнематериалдың көрсетілімі қорытындылады.

Осындай игі шараларды ұйымдастыруда 0112 әскери бөлімінің басшылығы ең алдымен әскери қызметтің мәртебесін арттыруды, өсіп келе жатқан ұрпақтың бойындағы Отан үшін мақтаныш сезімін жетілдіріп, қазақстандық патриотизм ұғымын нығайтуды көздейді.

«Ашық есік күні» шарасына келген әр қонақ «Айбын» Президенттік полкінің әскери қызметшілерінің еңбегін жоғары бағалап, ризашылықтарын білдіріп жатты. Көріп-білгендерінен шабыт алған оқушылар мен әсери мектептің тәрбиеленушілері Отан алдындағы борышын дәл осы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарында өткеруді өздері мақсат еткендіктерін алға тартып, ойларымен бөлісті.